Климат өзгерісі күшейді: 2026 жылдың мамыры тарихи көрсеткішке жетті

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың мамыры Жер беті температурасы бойынша бақылау тарихындағы ең жылы мамыр айларының ішінде екінші орын алды. Сонымен қатар Еуропаның бірқатар өңірінде ерте және қарқынды аптап ыстық байқалса, кейбір елдерде жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа көрсеткіштен асып түсті. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолу

Copernicus климаттың өзгеру қызметі Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамдары орталығының (ECMWF) аясында мамыр айындағы температура көрсеткіштері туралы деректерді жариялады.

Мәліметтерге сәйкес, мамырдағы жаһандық орташа жер беті температурасы 15,81 градус Цельсийді құрады. Бұл 1991–2020 жылдардағы мамыр айының орташа көрсеткішінен 0,55 градусқа жоғары. Температура сондай-ақ 1850–1900 жылдардағы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,42 градусқа жоғары болды.

Осылайша, 2026 жылдың мамыры бақылау тарихындағы ең жылы екінші мамыр айы атанды. Бұған дейінгі ең жылы мамыр 2024 жылы тіркелген.

Әлемдік мұхит бетінің орташа температурасы мамыр айында 20,9 градусқа жетті. Бұл да бақылау тарихындағы екінші ең жоғары көрсеткіш болды. Алдыңғы рекорд – 20,93 градус – 2024 жылдың мамырында тіркелген. Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде Эль-Ниньо жағдайына көшу процесі жалғасып жатыр. Оның дамуы алдағы айларда күтіліп отыр.

Сонымен қатар Тынық мұхитының тропикалық бөлігінің кең аумақтарында теңіз бетінің температурасы әлі де өте жоғары деңгейде сақталып отыр.

Еуропада аптап ыстық ерте байқалды

Еуропада мамыр айы айтарлықтай салқын ауа райынан ерте әрі қарқынды аптап ыстыққа күрт ауысуымен ерекшеленді. Батыс Еуропаны шарпыған аптап ыстық жылдың мұндай ерте кезеңінде бұрын-соңды тіркелмеген ең күшті толқынға айналды. Әсіресе Франция, Ұлыбритания, Ирландия және Португалияда ауа райы жағдайы күрделі болды.

Copernicus мамандарының айтуынша, мұндай ерте ыстық Еуропада байқалып отырған ұзақмерзімді үрдіске сәйкес келеді. Құрлықтың жылдам жылынуына байланысты экстремалды ыстық кезеңдері бұрынғыдан ертерек басталып, жиілеп әрі күшейіп келеді.

Ай бойы құрғақ және жауын-шашынды өңірлер арасындағы айырмашылық та айқын байқалды. Батыс, Орталық және Шығыс Еуропаның едәуір бөлігінде, соның ішінде Италия мен Испанияда жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болды. Ал Түркия, Болгария және Молдовада ауқымды су тасқындары тіркелді.

Құрлықтық Еуропаның солтүстік-батысында, Солтүстік Скандинавияда, Финляндияда, Түркияда және Қара теңіз өңірінің кейбір бөліктерінде әдеттегіден әлдеқайда көп жауын-шашын жауды.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың наурыз–мамыр айлары аралығы Еуропадағы бақылау тарихындағы ең жылы көктемгі кезеңдердің ішінде үшінші орын алды. Жауын-шашын мөлшерінің артуы Солтүстік Америкада, Қытайдың батыс өңірлерінде, Бразилияда, Оңтүстік Африкада және Аустралияның басым бөлігінде де байқалды.

Ал АҚШ-тың орталық аудандары, Орталық Азияның едәуір бөлігі, Мадагаскар, Аустралияның оңтүстік-батысы және Оңтүстік Американың кең аумақтары жауын-шашын тапшылығына тап болды.

Еске сала кетсек, мамыр айында Еуропаны аптап ыстық жайлап, Ұлыбританияда 103 жыл бұрынғы рекорд жаңарғанын жаздық.