Климат салдарынан Тувалу тұрғындары Аустралияға жаппай көше бастады
АСТАНА. KAZINFORM — 5 000-нан астам Тувалу тұрғыны климаттың өзгеру салдарынан Аустралияға көшуге арналған ерекше визан алуға өтініш берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Live Science басылымына сілтеме жасап.
Визаға өтініштер 16 маусым мен 18 шілде аралығында қабылданды.
Бағдарлама шартына сәйкес, 2025 жылдан бастап жыл сайын лотерея жүйесі арқылы Тувалудың 280 тұрғыны Аустралияға көшуге мүмкіндік алады. Өтініш қабылдаудың басталғанына төрт күн ғана өткенде 3 125 адам — яғни 11 мың халқы бар елдің шамамен үштен бірі тіркеліп үлгерген. Nikkei Asia дерегі бойынша, 11 шілдеге қарай өтініш саны 5 157 адамға жеткен.
— Бұл климат өзгеруінің ауыр зардаптары аясында адамдарға лайықты көшу мүмкіндігін беретін әлемдегі алғашқы келісім, — деп мәлімдеді Аустралия үкіметі New Scientist журналына.
Тувалу — Тынық мұхитының оңтүстігінде, Аустралия мен Гавайи аралығында орналасқан шағын арал мемлекеті. Елдің ең биік нүктесі — теңіз деңгейінен небәрі 4,5 метр, ал орташа биіктігі — 2 метр. Осы себепті Тувалу теңіз деңгейінің көтерілуіне, су басуына және дауылды тасқындарға бейім.
Зерттеулерге сәйкес, 2023 жылы Тувалу маңындағы теңіз деңгейі 30 жыл бұрынғыдан 15 см жоғары болған. Ал 2050 жылға қарай ел аумағының едәуір бөлігі мен маңызды инфрақұрылымы толқын кезіндегі су деңгейінен төмен қалып, қауіпке ұшырайды.
Жаңа виза бағдарламасы Аустралия мен Тувалу арасындағы «Фалепили одағы туралы келісім» (Australia-Tuvalu Falepili Union treaty) деп аталады. Бұл — тұтас бір ел халқы үшін жоспарлы көшу құқығын қарастыратын әлемдегі алғашқы бағдарлама. Келісім аясында Тувалу азаматтары Аустралияда тұруға, жұмыс істеуге және оқуға, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен тең дәрежеде медицина мен білімге қол жеткізуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, виза иелері өз елдеріне қалаған уақытта қайта орала алады.
Биылғы лотерея нәтижелері шілде айының соңына дейін жарияланады, ал алғашқы көшіп келушілер 2025 жылдың соңына қарай Аустралияға жетуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда климаттың өзгеруіне қатты ұшырап отырғанын жазған едік. Кейінгі жарты ғасырдағы бақылауларға сәйкес, Қазақстанда жерге жақын ауа температурасы 10 жыл сайын орта есеппен 0,32 градусқа көтеріліп келеді.
ДДҰ климат пен денсаулыққа қатысты жаңа комиссия құрды.