Кофеханадағы жанжал: Шымкентте қызға стақан лақтырған ер адам ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде қызға шабуыл жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол қызға шыны стақан лақтырып, жарақаттаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Фото: видеодан алынған скрин

Оқиға Тәуке хан даңғылындағы кофеханалардың бірінде болған. Әлеуметтік желілерде бейнебақылау камерасына түсіп қалған жанжалдың видеосы тарады.

Жазба авторының айтуынша, қыздар көрші үстелде отырған ер адамдардан дауыстарын бәсеңдетуді сұраған. Осыдан кейін ер адамдар олармен танысуға әрекеттенгенімен, қыздар бас тартқан.  

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.

Бұған дейін Шымкентте 13 жастағы жасөспірім даяшы болып жұмыс істеп жүріп көз жұмғанын жазған едік.