Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөнінде бастама көтерген болатын.
Сарапшының пікірінше, қазіргі қоғамдық және экономикалық қатынастардың даму үрдістері азаматтық заңнаманы кешенді түрде қайта қарауды және оның құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді талап етеді.
Жаңа Кодексті әзірлеу барысында жекелеген құқықтық нормаларды жаңартумен ғана шектелмей, азаматтық-құқықтық реттеудің іргелі қағидаттарын одан әрі дамытуға басымдық берілуі тиіс.
Олардың қатарында азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың теңдігі, меншікке қол сұғылмаушылық, шарт еркіндігі, жеке істерге озбырлықпен араласуға жол бермеу және азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру қағидаттары бар.
– Аталған қағидаттар жеке құқық жүйесінің негізін құрайды және азаматтық-құқықтық институттардың мазмұнын айқындайды. Сонымен қатар олардың іс жүзінде тиімді іске асырылуы заңнамалық нормалардың өзара үйлесімділігі мен құқық қолдану практикасының бірізділігін талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарын одан әрі дамыту ерекше маңызға ие. Бұл қағидаттар азаматтық айналымға қатысушылардың мінез-құлқын бағалауда, міндеттемелерді орындауда және мүліктік дауларды шешуде елеулі рөл атқарады, – деді Әйгерім Досанова.
Оның айтуынша, азаматтық заңнаманың тиімділігі тек құқықтық нормалардың мазмұнына ғана емес, олардың өзара үйлесімділігі мен құқық қолдану тәжірибесінде бірізді жүзеге асырылуына да байланысты.
Сондықтан жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде жекелеген нормалардың қазіргі заман талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етумен қатар, азаматтық-құқықтық реттеудің тұтастығы мен жүйелілігіне ерекше назар аудару қажет.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде шарт еркіндігі мен меншік құқығын қорғауды күшейту мәселелері көтерілген болатын.