Қоғамдық тәртіп: елімізде қанша бейнебақылау камерасы іске қосылған

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Полицияның кезекші бөлімдері мен жедел басқару орталықтарына 470 мыңнан камера қосылған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма басшысы Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті. 

– Жалпы, елімізде 1,5 млн-нан астам бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 470 мыңнан астамы полицияның кезекші бөлімдері мен жедел басқару орталықтарына қосылған. Осы орталықтарда тәулік бойы инспекторлар қоғамдық тәртіпті бақылап, жұмыс істейді. Бейнекамералар арқылы ахуалды қадағалап, құқық бұзу деректерін тіркеп отырады, - деді Ш. Тұрлыбек.

Оның сөзіне қарағанда, биылдың өзінде бейнебақылау арқылы 10 млн әкімшілік құқық бұзудың жолы кесілді. 

– Бұл тұрғыда полиция қызметкерлері әрекет етіп, қылмыстардың бетін ашты. Осы орайда полицейлер арыз-шағым түскенін күтіп отырмайды. Әкімшілік құқық бұзудың арасында абаттандыру тәртібін бұзу мен қоғамдық орындарды ластау деректері бар. Кейде қоғамдық орынға алкогольдік ішімдікпен барып, мас күйінде көпшілік ортада жүргендер кездеседі. Осы фактілер бейнекамерамен уақтылы анықталады, - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, Астанада жедел жәрдем көліктерін заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жобасы басталды.