Қоғамдық топ ақтөбелік жастарға латынға көшудің маңыздылығын түсіндірді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Латын әліпбиіне көшудің маңызы мен мақсатын түсіндіру үшін құрылған қоғамдық топ Ақтөбеге келді. Елімізге белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері студенттермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген белсенді студенттер бүгін латын әліпбиіне көшу жолындағы негізгі қадамдармен танысты. Қоғамдық топ мүшелері жастармен кездесіп, олардың ойын білді.

«Тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда қазақ тілін кириллицадан латынға көшіру туралы ойлар айтылды. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде идеяны жария етіп, қоғам алдына қойды. Содан бері 11 жыл өтті. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында идея нақты формасына ие болып, қазір құжаттар қабылданып жатыр. Бұл үлкен процесс. Біріншіден, латын әліпбиіне көшу жөнінде саяси шешім қабылдануы дұрыс. Екіншіден, нақты нұсқасы, графика, үлгісіне қоғам өз пікірін айта алады. Мен латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Қазақтың тәуелсіздігі, жер тұтастығы, тілі, ділі, қазақтың геосаяси әлемдегі орны дегенде баршамыз бірге болуымыз тиіс. Бастысы, жастар қолдауы керек»,- деді саясаткер Әміржан Қосанов.

Кездесу кезінде ұлттық құндылық, латын әліпбиіне көшу жұмыстарының алғышарттары туралы айтылды. Жаңа әліпбиді енгізу үшін алдымен мемлекеттік комиссия құрылып, филологтар мен әлеуметтанушылар, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер жан-жақты талқыға салады.

«Латын әліпбиі - ұлттың бірігу моделі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа қол қойған соң халықпен кездесуге шығып, Ақтөбеде жастармен жүздесуді жөн көрдік. Түйгеніміз, жастарымыз латын әліпбиін қолдайды. Бірақ латын әліпбиін енгізудің әдістері мен тәсілдері жөнінді сұрақтар бар. Диграф, апостроф мәселесі назарда тұр. Біз латын әліпбиін енгізу кешенді жұмыс екенін білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Ол комиссия құрамында филологтар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар секілді білікті мамандар болады. Олар қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне назар аударады»,- деді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Кездесу кезінде Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері өз қолдауларын жеткізді. Жоғары оқу орнының студенті Назерке Тұрсынәлиева оқытушылары арнайы семинар өткізіп, латын әліпбиіне көшудің ұтымды тұстары туралы жан-жақты ақпарат бергенін айтты.

«Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде латын әліпбиіне көшудің жолдары мен бұл шешімнің маңызы туралы айтылады. Бірақ техникалық факультет студенттеріне де дәл осындай кездесулер қажет. Техника мен технология латын әліпбиіне көшсе, даму жолымыз айқындала түседі. Біз өз қолдауымызды білдіреміз»,- деді студент. Қоғамдық топ мүшелері студенттерді ауылға барып, замандастарымен пікірталас кезінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын түсіндіруге үлес қосуға шақырды.