Көкпар алаңына көлікпен кіріп кеткен: Қызылорда полициясы қылмыстық іс қозғады

Фото: Видеодан алынған скрин

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Telegram әлеуметтік желісінде Қызылорда облысында көкпар кезінде жүргізуші көлікпен ойын алаңына кіріп кетіп, бірнеше жылқыны қағып кеткені туралы бейнежазба тарады. 

Бұған байланысты Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

— Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба бойынша тексеру жүргізілді. Оқиға 2025 жылдың 1 қарашасында Шиелі ауданының Алғабас ауылында кент тұрғыны ұйымдастырған көкпар ойыны кезінде болған. Ойын барысында 102 арнасына ешқандай хабарлама түспеген. Қазіргі уақытта бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.

Департаменттің баспасөз қызметі автокөлік жүргізушісінің полиция бөліміне жеткізілгенін мәлімдеді.

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаға қатысқан барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Естеріңізге саламыз, кез келген спорттық-бұқаралық немесе мәдени-бұқаралық іс-шара өткізген кезде уәкілетті органдарды алдын ала хабардар ету қажет. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін ұйымдастырушы тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде оқушыны жасөспірімдер жабылып ұрған оқиға бейнекамераға түсіп қалған болатын.