Көкшетау мен Семейде жылу электр орталығы салынуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат – Көкшетау мен Семейде жылу электр орталығын салу мәселесі үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр энергетика саласында өңірлерде жаңа жобалар іске асып жатыр. Осы жылы қуаттылығы 600 МВт-тан асатын электростанцияларды модернизациялау аяқталады. Алматы мен Түркістанда 2025-2026 жылдары берілетін жалпы қуаты 2,3 ГВт-тан асатын газ генерациясының энергетикалық жобалары іске қосылады», - деді ол.

Үкімет басшысы Қызылордада жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталғанын айтты.

«Көкшетауда және Семейде 2 жылу электр орталығын салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар ағымдағы жылы жалпы қуаты 276 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 10 жобасы қолданысқа енгізіледі», - деді Әлихан Смайылов.