КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы аумағында 2018 жылдың 28-ші мамыры мен 1-інші маусымы аралығында есірткі саудасының жолын кесу мақсатында "Канал-Кордон" жедел алдын алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің дерегі бойынша 5 күннің ішінде есірткі саудасына қатысты 7 оқиға тіркелді. Оған қоса есірткіге масайып көлік айдаған 11 жүргізуші əкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Жедел алдын алу шарасының бірінші күні есірткі заты -"марихуананы" саудаламақ болған Көкшетау қаласының тұрғыны ұсталды. Кейін оның үйін тінту кезінде 7 келі "марихуана" тəркіленді.
Күдіктінің үстінен ҚР ҚК 297 бабының 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", деп түсіндірді ведомстводан.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста заңсыз саудада жүрген жалпы салмағы 155 келі түрлі есірткі заты тəркіленген.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.