КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ғимаратынан өрт шықты. Әлеуметтік желідегі жазбадан бірнеше өрт сөндіру техникасының Назарбаев көшесінің бойындағы Ақмола облыстық соты ғимаратының алдында тұрғанын байқауға болады.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт бүгін сағат 19:56 шамасында ғимараттың 5-ші қабатынан шыққан.
«Назарбаев даңғылындағы әкімшілік ғимараттың 5-ші қабатынан (40 шаршы метр аумақта) өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 30 адам және 8 арнайы техника жұмылдырылды. Сағат 20:12-де өрт ауыздықталып, 20:30-да сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі анықталуда», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда жатақханадан өрт шығып, 40 адам эвакуацияланғанын жазған едік.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.