Көкшетауда пәтер тонаған адам ұрлықтан түскен ақшасын казинода ұттырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ірі көлемде пәтер тонау қылмысы әшкерленді. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Полицейлердің дерегі бойынша үй иесінің жоқтығын пайдаланған екі қаскүнем пәтерге түсіп, ондағы ақша және әшекей заттарды үптеп кеткен.

«Ағымдағы жылдың 29-шы тамызында Көкшетау қалалық ІІБ азаматша хабарласып,  8-29 тамыз аралығында белгісіз біреулердің пәтерін тонап кеткенін айтқан. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда тонаушы пәтерге балконның есігін бұзып кіріп, сейфтегі 18 мың АҚШ доллары мен құны 3 800 000 теңгенің алтын бұйымдарын қолды қылған», - делінген хабарламада.

Осы кезде үй иесі шетелде болған. Сондықтан, ұрлықтың нақты қашан жасалғанын білмейді. Алайда, жедел іздестіру шарасын қолға алған полицейлер көп ұзатпай, арыз түскеннен кейін келесі күні күдіктілерді қолға түсірді.

Олар  осыған дейін дәл осындай қылмыс үшін сотты болған 30 және 28 жастағы жергілікті екі тұрғын болып шықты. Қазіргі кезде, күдіктілер қылмысын мойындады, олардың үстерінен ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық сот өндірісі қолға алынды.

Сонымен қатар, ұсталынған адамның бірі ұрлықтан тапқан ақшаны казинода ұтылып қалғаны да анықталды. Ал, алтын бұйымдардың бір бөлігі иесіне қайтарылды. Күдіктілердің осындай өзге қылмысқа қатысы бар жоғы анықталу үстінде.