Көкшетауда пошта бөлімшесін тонағандар ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Қазпошта» АҚ бөлімшесін тонағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, қазанның 3-і күні сағат 11:00-дерде Көкшетау қаласының іргесіндегі Застанционный кентінде белгісіз біреулер «Қазпошта» АҚ бөлімшесін тонаған болатын.

Қарақшылар қолдарына ұстаған тапаншаға ұқсас затпен пошта қызметкерлерді қорқытып, кассадан 1 миллион теңгені үптеп кетті.

Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлімі бойынша (қарақшылық) қылмыстық іс қозғалып, қарақшыларды іздестіру шаралары қолға алынды.

«Нəтижесінде облыс орталығының 25-30 жас аралығындағы екі тұрғыны қолға түсті. Олардан ойыншық тапанша, медициналық маска, киім кешек жəне ақша тəркіленді. Күдіктілердің бірі осындай қылмысы үшін сотты болған», - деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметінен.