Көкшетауда сот қызметкері Аян Дүйсековтің өліміне қатысты іс тоқтатылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетауда сот қызметкері Аян Дүйсековтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Ал соттың екінші қызметкерінің өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Фото: Kazinform\ЖИ

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қыркүйекте суицид дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

— Тергеу барысында қажетті іс-шаралар жүргізіліп, тиісті материалдар жиналды. Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды, – деп хабарлады ведомстводан.

Полиция департаментінің нақтылауынша, соттың екінші қызметкерінің өліміне қатысты қылмыстық іс әлі де өндірісте.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшісінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған болатын. Марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тексеруді талап еткен еді.

Отбасының мәліметінше, Аянға үнемі моральдық және психологиялық қысым көрсетілген.

Ал Ақмола облысы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаменті сот әкімшісінің басшысы Аян Дүйсековтің өліміне оның жұмыс орнындағы қысым, тәртіптік жаза немесе қызметтік баспана мәселесі себеп болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарған болатын.

Арада бір айдан сәл астам уақыт өткенде соттың тағы бір қызметкерінің мәйіті табылды. Ол – Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы.

Кейін анықталғандай, бірінші және екінші марқұм дос болған. Осы оқиғадан кейін өңір полициясы Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тағы да қылмыстық іс қозғаған.

Еске салайық, 17 қыркүйекте полиция Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған еді. Марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тексеруді талап етті. Отбасының мәліметінше, Аянға үнемі моральдық және психологиялық қысым көрсетілген.

Бұл — Көкшетауда сот қызметкерінің қаза болуына қатысты екінші жағдай.

Сол кезде Ақмола облысы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаменті Көкшетау қалалық соты әкімшісінің басшысы Аян Дүйсековтің өліміне жұмыстағы қысым, тәртіптік жаза немесе қызметтік баспана мәселесі себеп болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарған еді.