Кеңесте айтылғандай ағымдағы жылдың 5-ші мамырында жергілікті "Жайна Трейд" ЖШС-нен өңірлік кəсіпкерлер палатасына арыз түскен. Онда Көкшетау қалалық ІІБ қызметкерлері аталған серіктестіктің 56 тонна зығырын заңсыз тәркілегені айтылады.
Палата өкілдерінің сөзіне қарағанда, майлы дақылдарына жататын зығыр тұқымы Көкшетаудағы "Береке 2006" ЖШС аумағында сақтауда болған. Оған 04.09.2015 жылғы аталған серіктестіктің қоймасын жалға алу келісімшарты негіз болып отыр.
"Тəркілеу шаралары "Агример Астық" ЖШС-нің мүлкін ұрлау туралы түскен арыз бойынша қозғалған қылмыстық іс шеңберінде жүргізілді. Полицейлер аталған зығырдың "Жайна Трейд" ЖШС-не тиесілі екенін біле тұра, "Агример Астық" ЖШС-нің аумағына тасымалдатты", деді өңірлік кəсіпкерлер палатасы директорының орынбасары В.Геращенко.
Айта кету керек, аталған серіктестік бұл қылмыстық істен бейхабар жəне компания өкілдері бұл туралы мүлдем ескертілмеген. Бұл өз кезегінде меншік иесінің құқын бұзып отыр.
Қазіргі кезде, бұл зығырдың "Жайна Трейд" ЖШС-не тиесілі екенін айғақтайтын құжаттары мен арыз Көкшетау қалалық ІІБ тарапынан қаралып, тексерілген жоқ жəне тиісті жауап та берілмеді.
Осылайша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері əлі күнге дейін "Жайна Трейд" ЖШС-нің сауда-саттық келісімшарт бойынша "Химик" ЖШС-нен сатып алған зығырын заттай айғақ ретінде ұстап отырған көрінеді.
Бұл туралы компания прокуратурадан көмек сұраған болатын. Алайда, осыдан бері 4 ай өтсе де, тергеушілер өздеріне жолданған сауалды қарап, тиісті жауап беру туралы прокуратураның жазбаша тапсырмасына да құлақ аспай отыр.