Көкшетаулық қарияның атына несие рәсімдеген СҚО тұрғыны ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда пәтер жалдап тұрған СҚО тұрғыны пәтері иесі - 67 жастағы зейнеткердің атына несие рәсімдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 ақпанда Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығының 67 жастағы тұрғынынан арыз түскен. Зейнеткер «Фрэнли Файнэнс Қазақстан» микронесиелік ұйымында 25 мың теңге несие рәсімдегенін айтты.

«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 37 жастағы, бұрын алаяқтық үшін сотталған Солтүстік Қазақстан облысы Новоишим ауылының тұрғыны анықталды. Күдікті бұл әрекетін мойындады. Белгілі болғандай, бұған дейін алаяқ зейнеткердің пәтерін жалдап тұрған, пәтер иесінің аңқаулығын пайдаланып телефон арқылы несие рәсімдеген», - деді ведомстводан.

Қазіргі кезде, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 190 бабы «алаяқтық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.