Көктайғақ басталды: жүргізушілерге маңызды ескерту жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Күннің күрт суытуы мен алғашқы қар жол қозғалысын қиындата бастады. Жүргізушілерге ҚазАвтоЖол компаниясы көлікті қысқы маусымға дайындап, көктайғақ кезінде жылдамдықты төмендету және қауіпсіз арақашықтық сақтауды ескертті.

Фото: ҚазАвтоЖол

— Алғашқы қар жауып, жолдарда көктайғақ байқала бастады. Осындай уақытта рөлге отырған әрбір жүргізушіден ерекше мұқияттылық пен сабыр қажет, — делінген хабарламада.

Қауіпсіздік — ұсақ-түйектен басталады. Сондықтан:

  • Көлігіңізді қысқы дөңгелекке ауыстырыңыз;
  • Тежегіш жүйесін, жарық пен аккумуляторды тексеріп шығыңыз;
  • Қысқы отынды пайдаланып, антифриз деңгейін бақылаңыз;
  • Жолда жылдамдықты шектеп, арақашықтықты сақтаңыз;
  • Рөлде асығыс шешім қабылдаудан, кенет бұрылыстардан аулақ болыңыз.

Бұл — жай ғана кеңес емес, өмірді қорғаудың қарапайым қағидасы. Қыс мезгілінде жолдағы әр қимыл, әр шешім қауіпсіз сапардың кепілі.

— Құрметті жүргізушілер, өзіңіздің және өзгенің амандығы — сіздің қолыңызда. Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Ал 1403 бірыңғай байланыс орталығы әрдайым байланыста. Кез келген уақытта көмек қажет болса — біз әрқашан қасыңыздамыз, — деп ескертті жол компаниясынан.

Еске сала кетейік, Қазақстанда биыл 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы қайта жаңғыртудан, күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға, жергілікті жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланған.

Ал ауа райына қатысты бүгін Қазақстанның бірнеше облысында қолайсыз ауа райы сақталатыны хабарланды. Кей өңірлерде жауын-шашын мол түсіп, тұман түсіп, көктайғақ болады. Астана мен бірнеше қалада желдің екпіні 15-28 м/с-қа дейін жетеді.