«Көктем-Күз 2015» Ұлттық студенттер лигасы ойындарына 30 ЖОО командалары қатысатын болды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Назарбаев Университеті спорт орталығында Білім және ғылым министрлігінің Қазақстан футбол федерациясымен бірге ұйымдастырған «Көктем-Күз-2015» Ұлттық студенттер лигасы (ҰСЛ) ойындарының ашылу салтанаты болып өтті.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл маусымда жарысқа 30 жоғарғы оқу орнының командалары қатысады. Биыл Астана және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының былтырғы командалары мен қатысушыларынан бөлек, турнирге Қарағанды мен Шымкент қаласының студенттері атсалыспақ. ҰСЛ-дың астаналық тобына 6 команда енеді. Алматы қаласы жоғарғы оқу орындары атынан 11, Шымкент қаласынан 9 және Қарағанды қаласынан 4 команда келмек.

Шараның ашылу салтанатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда бұқаралық спортқа ерекше мән берілуде. Аталған студенттер лигасы осы ортақ ісімізге өз үлесін қосатыны сөзсіз», - деп атап өтті.

Министрлік еліміздегі студенттердің спорттық қозғалысын дамытуды жоспарлап отыр. Биылғы жаздың өзінде студенттік лига аясында баскетболдан жарыстар басталады. Ал келесі жылы бұл эстафетаны волейболистер жалғастырмақ.

Биылғы футбол турнирінің басты сыйлықтарының бірі - ең үздік ойыншылардың ұлттық құрамамен бірге 22-29 тамызда Барзилияда студенттер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысуы болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы турнир жеңімпаздары, яғни Л.Гумилев атындағы ЕҰУ командасы 6 маусымда Берлинде өтетін Чемпиондар лигасының финалына көрермен ретінде баруға жолдама алған болатын.