Көктемгі егіс: БҚО-да 336 мың гектар алқапта ылғал жабылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының диқандары көктемгі дала жұмыстарына жаппай кірісті.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситқазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 336 мың гектар алқапта ылғал жабылып, 19,4 мың гектарға культивациялау жүргізілді.

Берік Маратұлының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін 21 мың гектарға жаздық дақылдар (5,5 пайыз) егілсе, соның 14,3 мың гектары (7,3 пайыз) – дәнді дақылдар, 2,9 мыңы (2,4 пайыз) – майлы дақылдар, 3,7 мыңы (6,3 пайыз) – мал азықтық дақылдар.

- Соңғы екі-үш күнде ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты жұмыс баяулады. Қолайлы ауа райы қалыптасқан сәтте дала жұмыстары жоспарға сәйкес қайта жанданатын болады. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 10,5 мың тонна дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес 2,5 мың тоннасы (21 пайызы) Атырау мұнай өңдеу зауытынан алынды. Одан тасымалдаушы оператор ретінде «Нэфтек» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 270 теңгеден келеді, - деді Б.Ситқазиев.

Оның айтуынша, егістікке енгізілетін тыңайтқыштар жеткізіліп жатыр. Бүгінде отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан барлығы 12,9 мың тонна тыңайтқыш (21,2 пайыз) сатып алынды, келісімшартқа отыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Көктемгі егіс пен егін ору жұмыстарына диқандарды барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді (соның ішінде субсидиялар – 1,93 млрд).

Бұдан бөлек, көктемгі дала және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 12,9 млрд теңге («Кең дала 2» - 10,9 млрд. теңге, «Кең дала» – 2,0 млрд. теңге) қаралды. Бүгінде шаруаларға 5 пайызбен 8,6 млрд теңге (67 пайыз) несие берілді, бұның сыртында 1,1 млрд теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралуда. Өтінімдер қабылданып жатыр.

«КазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге (52 пайыз) 597 техника лизингке алынды (бөлінген қаражат 12,5 млрд теңге).

Басқарма мәліметі бойынша биыл барлық егіс алқабы 626 мың гектар болса, соның 289 мыңы – дәнді дақылдар. Мұның ішінде 93,6 мыңы – күздік дәнді дақылдар. Майлы дақылдар – 123 мың, картоп-көкөніс-бақша дақылдары – 4 мың, мал азықтық дақылдар – 210 мың гектар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда барлық егіс көлемі 626 мың гектар болатынын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да егістікке 60 900 тонна тыңайтқыш енгізу көзделіп отыр.