Көкжайлаудағы құрылыс: шатқалға шығуға тыйым салынуы мүмкін бе

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көкжайлау шатқалында 2 айға жуық уақыт бұрын Almaty SuperSki жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталды.

Фото: Хасенова Б

Қала тұрғындары мен экобелсенділер арасында Алматы тауларындағы тұмса табиғаттың болашағы үшін уайым әлі сейілмей келеді.

Әлеуметтік желіде Көкжайлауға қатысты әртүрлі пікірлер көп. Оның бірі — курорт таудағы мұздықтардың еруіне әсер етеді десе, екіншісі — ағаштарды кесу шатқалдағы экожүйені бұзатыны айтылған. Суретші Паша Кастың Көкжайлауға арнап салынған туындысы да көпшіліктің арасында үндеу тапты.

Бірақ Almaty SuperSki жобасының жетекшісі — Kazakh Tourism Development Ltd. өкілдері табиғаттың қауіпсіздігі үшін алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Kazinform агенттігіне берген жауабында компания жоспарланған жұмыстар жобалық құжаттамаға және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын атап өтті.

— Almaty SuperSki жобасы қазіргі уақытта белсенді іске асыру кезеңінде. Құрылыс алаңында технологиялық және кірме жолдардың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар жобаны одан әрі дамыту үшін қажетті кеңейтілген инженерлік-геологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр, — делінген компания жауабында.

Kazakh Tourism Development Ltd. мәліметіне сәйкес, жобаға отандық және халықаралық бейінді ұйымдар тартылған. Аспалы жолдарды салу жұмыстарын француздық POMA компаниясы жүзеге асырады. Ал авторлық қадағалауды «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты» АҚ қамтамасыз етеді. Тәуелсіз бақылауға халықаралық консультанттар — PGI, Hill International және DCSA жауапты.

Ал жобаны қаржыландыру «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ-ның қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр

— Курортты іске қосу 2028 жылдың соңына жоспарланған, — деп хабарлады компаниядан.

Ал Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов агенттік сауалына берген жауабында құрылыс жұмыстарын жүргізу — Көкжайлауға қолжетімділікті шектемейтінін айтты. Оның сөзінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тікелей құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан немесе арнайы техниканың қозғалысы жүзеге асырылатын жекелеген учаскелерге ғана кіру уақытша шектелуі мүмкін.

— Мұндай шектеулер кезеңінде құрылыс аймақтарын айналып өтуге мүмкіндік беретін балама маршруттар қарастырылады, — деді Елнұр Ахметов.

Сонымен қатар ол курорт құрылысы жүргізілетін аумақтың өзінде Іле-Алатауы МҰТП мамандары «Қазгипролесхоз-KZ» ЖШС-мен бірлесіп егжей-тегжейлі орман-патологиялық зерттеу жүргізгенін атап өтті. Айтуынша, зерттеу нәтижесінде курорт құрылысы жүргізілетін аумақта Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген ағаштардың анықталмаған.

— Жобаны іске асыру барысында жасыл желектерді сақтауға және оларды қайта отырғызуға басымдық беріледі. Жобаға сәйкес, Көкжайлауда жол салу жұмыстары бойынша Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кесілетін ағаштар белгіленіп, олардың көлемі мен сапалық көрсеткіштері анықталды. № 27-03/165-НҚ 25.06.2026 Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі комитетінен ағаштарды кесуге рұқсат алынды, — деп нақтылады ұлттық парк басшысы.

Еске салайық, Көкжайлаудан бөлек Алматының өзге шатқалдарында тау кластерін дамыту жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталғаны белгілі болды.