Қолайсыз ауа райынан Атырау облысының Жылыой ауданында жарық сөніп қалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қолайсыз ауа райынан Атырау облысының Жылыой ауданында жарық сөніп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кегок» АҚ батыс жүйеаралық тораптары Атырау өңірлік филиалының директоры Константин Чернохаевтың айтуынша, 13 шілде сағат 23:00-де Жылыой ауданының елді мекендері толығымен электр қуатынан ажыратылған.

«Электр энергиясының өшуіне Kegoc-220, Теңіз-220 және Құлсары-220 желісіндегі апатқа байланысты Жылыой ауданы толықтай тоқ көзінен ажыратылды. Жергілікті уақытпен сағат 23:30-дан бастап электр энергиясы ішінара беріліп жатыр», - деп хабарлады Константин Чернохаев.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова Құлсары қаласында, бір кент пен ауылдық округтерде электр қуаты болмағанын растады.

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғаттың тосын құбылысынан кеше, 13 шілдеде түс қайта Атырау қаласының Талқайраң-2 шағын ауданында жеке тұрғын үйдің шатыры ұшқан. Соның салдарынан Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміндегі 0,4 кВ әуе электр желісі бүлінген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалғанын жазған едік.

«Атырау қаласында Жайық өзенінің сол және оң жағалау бөлігіндегі «Балауса», «Ракуш», «Лесхоз», «Авангард» пен «Нұрсая», «Жерұйық» шағынаудандарында апаттық жағдай тіркелді. Соған байланысты уақытша жарық болмайды. Апаттың себебі анықталып, қалпына келтірілген соң жарық толықтай беріледі», - деп хабарлаған еді энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.

Кейін электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты.

Сондай-ақ жергілікті энергетиктер атыраулықтар неліктен жарықсыз қалғанының себебін айтып берген болатын.