Мамандар кеңесі бойынша ақша үнемдеудің басты әдісі — үйдегі су есептеуіштерінің дұрыс жұмыс істеуін тексеру қажет. Егер есептеуіштің тексеру мерзімі өтіп кетсе, төлем нақты тұтынылған су көлеміне қарамастан, тіркелген әрбір адам үшін белгіленген норма бойынша есептеледі. Бұл әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін.
Себебі сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін төлемдердің дұрыс есептелуі су есептегіш құралдарының жарамдылығына және көрсеткіштерінің дәлдігіне байланысты.
— Ал егер сіз жақында пәтер сатып алсаңыз, келісімшартты өз атыңызға қайта жасау қажет. «Алматы Су» коммуналдық төлемдерді өз мүддеңіз үшін уақытылы төлеуді сұрайды. Өйткені қарыз жиналып қалса, жүйе істі автоматты түрде нотариустар мен сот орындаушыларына береді. Ал олардың қызметі мен мемлекеттік баж салығын қарыз болған тұрғын өз қалтасынан төлеуге міндетті, — дейді мекеме мамандары.
Еске салайық, Алматыда 1 қазаннан бастап су тарифтері өзгерді. Жеке тұлғалар үшін сумен жабдықтау тарифі қосылған құн салығын қоса алғанда, текше метріне 178,06 теңге, ал су бұру тарифі 119,46 теңге болды. Су есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін суық суды бұру ақысы бір адамға айына 1 791,85 теңге, ыстық суды бұру ақысы — 376,29 теңге.
Кейін жауапты мамандар Алматыда су мен кәріз тарифтері неліктен өзгеріп жатқанын түсіндірді.