Алматыда су мен кәріз тарифтері неліктен өзгеріп жатқаны түсіндірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жаңа тарифтер енгізіледі.
2025 жылғы қыркүйекке дейін халық үшін су тарифі әлеуметтік тариф шеңберінде 1 м³ үшін 102,49 теңге болған, ал белгіленген нормативтен асып кеткен жағдайда тариф 204,99 теңгеге дейін жетті. 1000 литр судың орташа бағасы 150 теңге болды. Кейін Алматыда мораторий аясында тариф 1 м³ үшін 76,56 теңгеге дейін төмендетілді. Бұл төмендетілген тариф бір жылдан астам уақыт қолданыста болды.
- Төмендетілген тариф қолданылған кезеңде электр энергиясына, материалдарға, реагенттерге, жабдықтарға, жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар өсті. Сонымен қатар соңғы бір жылда «Алматы Су» теңгеріміне жаңа желілер мен нысандар берілді. Оларды пайдалану да қосымша қаржыландыруды талап етеді. Тариф құрылымына жүйенің тәулік бойы жұмыс істеуін және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз ететін қызметкерлердің еңбекақысын индекстеуге жұмсалатын шығындар да енгізілді, - деп түсіндірді «Алматы Су» кәсіпорнының қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Жандос Тәкібаев.
Ол сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің құны коммуналдық төлем түбіртегіндегі жалпы соманың небәрі 3–4 пайызы болатынын атап өтті. Оның айтуынша, есептеу аспабы орнатылған пәтер үшін суық су мен кәріз қызметтеріне ай сайынғы орташа төлем шамамен 1500 теңгені құрайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1 қазаннан бастап су тарифтері өзгеретінін жазғанбыз.