Көлік полицейлері төрт күн ішінде «Заңсыз келуші» атты жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында 269 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 229-ы шетел азаматы. Атап айтқанда, олар Қазақстан Республикасында мекендеу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.
«Көліктегі ІІД Көші-қон қызметі басқармасы бастығы Ғани Шымырбаевтың айтуы бойынша көші-қон заңын бұзғаны үшін ҚР ҚК 393-бабы бойынша елден шығару жөніндегі сот шешімін орындамауға қатысты 8 дерек анықталды. Сот қаулылары бойынша ел аумағынан 21 шетелдік шығарылды», - делінген хабарламада.
Мәселен, көлік полицейлері Шу стансасындағы теміржол вокзалында құжаттарды тексеру барысында ер адамды ұстаған. Тексеру барысында 36 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы осыған дейін елден шығару жөніндегі сот шешімін орындамағаны анықталды. Жамбыл облысы Шу аудандық сотының шешімі бойынша оған ҚР аумағынан шығару мен 20 АЕК (48 100 теңге) көлеміндегі әкімшілік айыппұл салынды.