Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Аталған шараға күн сайын 400-ден аса қызметкер жұмылдырылуда. Жедел қызмет, әкімшілік полициясы және көші-қон полициясы қызметкерлерінің қатарынан 51 ұтқыр топ құрылды.
Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Талғат Өтетілеуовтың айтуынша, үш күн ішінде Қазақстан Республикасына келу ережесін бұзғандары үшін 207 шетелдік азамат ҚР ӘҚБК 394-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 166-і -ТМД, 41-і алыс шетел азаматтары. Сондай-ақ, соттың шешімімен 3 шетелдік Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарылды.
ҚР ӘҚБК 395-бабы бойынша, яғни, шақырылған шетел азаматтарының белгіленген ережесін бұзғаны үшін 5 құқық бұзушылық анықталды.
Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 9 шетелдік қабылдау-тарату орындарына қамауға алынды. Іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды.
Көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін ҚР ҚК 330-1-бабы бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды.
Шара шеңберінде 1 млн. 555 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Шетелдіктердің елімізге келуін бақылауды тиісті деңгейде және олардың көші-қон заңнамасының тәртібін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдануда», - деді полиция полковнигі.