Көлік полицейлері тыл ардагері Виктор Смоляковты Жеңіс күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс күні қарсаңында Көліктегі полиция басшылығы тыл еңбеккері Виктор Смоляковты үйіне барып құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оңал Бекеев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ж. Шаймерденов ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен Виктор Смоляковты үйіне барып құттықтады.

Қазір тыл еңбеккері 85 жаста. Ол зайыбы Нина Сафроновамен бірге Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Отау құрғандарына 60 жыл болған қариялар немере-шөбере сүйіп отыр. Виктор Петрович - үлкен отбасының үлгі тұтар мақтанышы.

Қонақтар ардагерді келе жатқан Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтап, гүл, азық-түлік себеті мен теледидар сыйлады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шәймерденов ақшалай материалдық көмекті табыс етті.

Оңал Бекеев департамент бастығының атынан Виктор Петровичке тылдағы еселі еңбегі мен ерлігі үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

«Отан алдындағы еңбегіңізді ешқашан ұмытпаймыз. Сіздердің майданда және тылда жасаған ерліктеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек», - деді ол.

Шынында да, сұрапыл соғыс тыл еңбеккерлерінен асқан жанкештілікті талап етті. Виктор Смоляков таңертеңгілік ертемен анасы екеуі қалың қарды омбылап, соқпақ жолмен жұмысқа аттанатынын әңгімеледі.

«Жұмысқа барған жолымызды кешке біз қайтқан уақытқа дейін қайта қар басып қалатын», - дейді қария.

Сол кездегі 6 жасар Витя анасының қала шетінде орналасқан мал фермасындағы жұмысына көмектесті. Малға шөп, сабан тасып, оны өздері арбадан түсіріп, жинап әлек болатын. Ашқұрсақ әрі суықта тоңа жүріп, қолдан келгенше майданға бәрін жіберуге тырысты. Тіпті, ол жеңісті сарғая күткенін көзі мөлтілдей отырып, есіне алды.

1958 жылы Кеңес Армиясында борышын өтегеннен кейін туған жері - Қазақстанға оралды. Сөйтіп, өзінің еңбек жолын ішкі істер органдарынан бастады.

Виктор Петрович 20 жыл бойы Көліктегі ішкі істер органдарында жұмыс істеді. Қызмет еткен жылдарында мінсіз қызметі үшін ІІО-дағы барлық дәрежедегі медальдармен, «Милиция үздігі» белгісімен және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған.

1991 жылдың наурыз айында зейнетке шықты. Отставкадағы полиция полковнигі Көліктегі ІІО ардагерлерінің мүшесі.

Қонақтар кетер алдында Виктор Петровичпен естелік суретке түсті. Өз кезегінде ол Департамент басшылығына және өз әріптестеріне қамқорлық жасап, құттықтағандарына шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ құрметті ардагер өз әріптестерін Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ұзақ өмір мен отбасылық бақыт тіледі.