Көлік полицейлері «Үздіктерді» марапаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде 2014 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік маман», «Үздік желілік орган» және «Үздік қызмет» аталымдары бойынша конкурс өтті.

Конкурстың негізгі мақсаты - жедел қызметтің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ еліміздің темір жол және әуе көлігі нысандарында қоғамдық тәртіпті күзету, орын алған қылмыстарды тергеу мен олардың ашылуында нәтижелі көсеткішке қол жеткізу үшін Департаменттің бөлініс басшылары мен қызметкерлерін ынталандыру.

Департаменттің арнайы құрылған комиссиясының шешімі қорытындыланып, соның нәтижесінден төмендегі жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

«Үздік қызмет» аталымы Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасына берілді. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Н. Садықов Департамент басшысының бұйрығымен Көшпелі жалауша және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

«Үздік орган» аталымы бойынша 1-орынды Қостанай стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімі еншілесе, 2-орын Көкшетаудағы Ішкі істер желілік бөліміне бұйырды, ал 3-орынды Павлодардағы Ішкі істер желілік бөлімі місе тұтты.

Ақтөбе стансасындағы криминалдық бөлімнің аға жедел уәкілі полиция майоры А. Орнов, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Е. Абдрахманов, Жамбыл стансасындағы ІІЖБ-ның аға тергеушісі, полиция майоры Ж.Тымбаев, Түркістан стансасындағы Желілік полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция майоры Р. Оспанов, Қызылорда стансасындағы ІІЖБ-ның аға криминалисі, аға лейтенант Е. Ташкенов «Үздік маман» аталымына ие болды. Сондай-ақ, әкімшілік және көші-қон полицясының ең үздік инспекторлары болып полиция подполковнигі Ж. Түленов пен полиция майоры Ж. Алдабергенов танылды.

Конкурс аясында республиканың орталық аймағында орналасқан желілік бөліністер қызметкерлері арасындағы Астана қалалық темір жол вокзалының Астана стансасындағы ІІЖБ патрульдік полиция тобының аға сержанты Н. Кийнбаев, республиканың оңтүстік-шығыс аймағында орналасқан желілік бөліністер қызметкерлері арасындағы Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің полиция аға сержанты Н. Сахиев, республиканың батыс аймағында орналасқан желілік бөліністер қызметкерлерінің арасында Орал стансасындағы ІІЖБ-ның патрульдік полиция тобының аға сержанты Р. Базарбаев «Үздік полиция» аталымын жеңіп алды.

Барлық жеңімпаздарға Көліктегі Ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі А.С. Қажкеновтың бұйрығымен ақшалай сыйлықтар мен құрмет грамоталары табыс етілді.