Көлік полицейлері жыл басынан бері 7 тонна 700 келі есірткі заттарын тәркілеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көліктегі ішкі істер департаменті қызметкерлері есірткі және есірткі қылмысының алдын алу мақсатында кешенді іс-шараларды үнемі жүзеге асырады.

Жыл басынан бері Көліктегі ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты 225 фактіні тіркеді. Оның 96-ы есірткі заттарын заңсыз өткізу, 19-ы контрабандалық жолмен тасымалдау фактілері. Заңсыз айналымға түскен 7 тонна 700 келі әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, оның 14 келісі героин. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Басқарма қызметкерлері есірткі тасымалдаушылар мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу мақсатында «Көкнәр», «Допинг», «Рубеж», «Канал» жедел алдын-алу шараларын ұдайы өткізуде.

Мысалы, сәуір айында Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары барысында Астана қаласының маңында 48 жастағы Қарақалпақстанның азаматы ірі көлемдегі есіркі партиясымен айналысқаны анықталды. Тексеру кезінде, ұсталған азаматтың тұрғылықты мекен-жайынан 10 келі 30 гр. «героин», 197,76 гр. «гашиш», 70,12 гр «марихуана» табылып, тәркіленді.

Сондай-ақ, 24 қыркүйекте Көліктегі ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлернің жедел іздестіру шаралары барысында Астана қаласы мен Ақмола облысында өте ірі көлемде есірткі затын тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тергеу нәтижесінде ұсталған қылмыскердің тұрағынан 500 грамм героин табылған.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы шекара қызметіндегі ішкі істер орган қызметкерлерімен өзара қарым-қатынас орнату мәселесіне көп көңіл бөліп келеді. Олармен бірлесіп өткізген шаралар оң нәтиже беруде. Мәселен, 6 қыркүйектегі бірлескен шара барысында «Душанбе-Мәскеу» бағытындағы пойыздың аккумляторының астынынан 2 келі 459 грамм героин табылған.