Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Оспанов, ҚР Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі А. Қажкенов, Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ қызмет басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі Ахан Қажкенов өз сөзінде көлік полицейлері Елбасының стратегиялық тапсырмаларын орындауда қарқынды жұмыс жасап жатқандығын айтты. «ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында елорданың қоғамдық тәртібі мен қылмыс жиі жасалатын орындарды бақылауға алу көлік полицейлерінің алдында тұрған үлкен жауапкершілік. Көрмені өткізу барысында біздің қызметкерлер әуежайлар мен темір жол нысандарында күшейтілген тәртіпте жұмыс жасайды. Сол себепті ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мақсатында ауқымды шаралар бүгіннен басталып кетті», - деді еліміздің бас көлік полицейі.
Басқосуда «Көлік нысандарындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Садықов баяндама жасады. Мәселен, 2014 жылдың 10 айында пойыздардың адамдарды қағып кету оқиғалары бойынша 121 факті тіркелген, оның 72-сі қайғылы оқиғамен аяқталған. Мұндай оқиғалар көп жағдайда азаматтардың ескертулерге немқұрайлылық танытып, жүретін жолдарын қысқарту ниеттерінен орын алады.
Әсіресе, көлік полицейлерін темір жол бойында жасөспірімдердің жиі жарақат алуы алаңдатып отыр. 2014 жылдың басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты 10 факті тіркелген, оның 4-і қайғылы жағдайға әкеп соқтырған.
Жоғарыдағы келеңсіздіктердің орын алуының басты себептері - азаматтардың белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтуі мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, сондай-ақ, жасөспірімдердің қарапайым қағидаларды білмеуі немесе темір жол бойының қауіпті аймақ екендігін ескермеуі.
Сондықтан темір жол бойында орын алатын оқиғалар туралы ақпараттардың шынайылығына көз жеткізіп, кінәлі тарапқа тиісті жаза тағайындау үшін күзетілетін немесе күзетілмейтін жерлердің барлығына бейне жазып алғыш құралдары орнату керектігі айтылды.
Жиында қаралған екінші мәселе - ішкі істер органдарындағы заңдылық пен көлік полицейлерінің арасындағы тәртіп. «Біз де бүгінде сыбайлас жемқорлықпен қарқынды күресудеміз. Ағымдағы жылдың басынан бері Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері аталған заң талаптарын бұзған 6 фактіні анықтады. Кінәлілер ішкі істер органы қатарынан шығарылды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады», - деді Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры М. Айтуғанов.
Қоғамдық кеңеске қатысқан Мәжіліс депутаты Серік Оспанов Көліктегі ІІД қызметкерлерінің жұмысына өз көзқарасын білдірді. Ол қызмет көрсету аумағында қауіпсіздік шараларын жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстар айтты. Оның бұл ұсыныстарын Департамент бастығы А. Қажкенов те қолдады.
Жиын соңында Серік Оспанов қатысушыларды Қоғамдық кеңестің 2015 жылдың 1-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Қоғамдық кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылданды, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.