Көлік руліне отырған жасөспірімдердің кесірінен 9 адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елімізде жасөспірімдердің рульге отырумен байланысты 70-ке жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі жолдағы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Түсіндіру жұмыстарына қарамастан апатқа балалар себеп болған жол-көлік оқиғаларына тап болып отырмыз. Ата-аналар қауіпсіздікті ойламастан балаларға көліктің кілтін жиі бере салады. Бұл факті кәмелетке толмаған жасөспірімнің де, жол қозғалысының өзге қатысушыларының да өміріне қауіп төндіреді. Жыл басынан бері елімізде жасөспірімдердің рульге отырумен байланысты 70-ке жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 80-нен астам жарақаттанды», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз алаңында өткен брифингте.

Оның дерегінше, Атырау облысында, Жасталап ауылының маңындағы жолда «Тойота» көлігін басқарған 14 жастағы жасөспірім рульге ие бола алмай қалып, аударылған. Салдарынан бала қайтыс болып, қасында отырған 4 жасөспірім ауруханаға түсті.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеті үшін ересектер жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді», - деді ол.