Көлік сақшылары Тәуелсіздік күні мерекесін атап өтті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Көліктегі ішкі істер департаментінде ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтті.

Мерекелік шараға департамент басшылығы, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан департамент бастығы полиция полковнигі Берік Бисенқұлов: «Бүгінгі күні қазақстандықтар Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың есімін елдегі саяси тұрақтылықпен, Отандық экономиканың қарыштап дамуымен және халықтың әл-ауқатының көтерілуімен тікелей байланыстырады. Тәуелсіздік күні - ұлы мереке, ұлық мереке. Бұл жас мемлекетіміздің іргетасын қалауға бар ерік-жігерін жұмсап, оның өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен барша майталмандарға марапаттау мен қошемет көрсететін мейрам», - деді.

Шара барысында еңбегі еленген департамент қызметкерлері Тәуелсіздік күніне орай ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес құрмет грамоталар және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік деп танылған қызметкерлерге департамент басшылығының алғыс хаттары мен грамоталары табыс етілді, - деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.