Көлік заңдастырумен айналысқан қылмыстық топ барлық облыспен байланыста болған - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев көлік заңдастырумен айналысқан қылмыстық топтың барлық облыспен байланыста болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алғашқы ақпарат Алматы облысынан келіп түсті, кейінірек Алматы қаласына шықтық. Сол жерден еліміздің барлық облыс орталықтарымен желі құрылған. Қазіргі уақытта Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр. Бұл қылмыстарға қатысы бар қызметкерлер өз лауазымдарынан шеттетілді. Тергеу мақсатында өзге ақпаратты жариялай алмаймын», - деді Қ. Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына берген жауабында.

Сонымен бірге, осы қылмыстық іс аясында полиция қызметкерлері ғана емес, арнайы ХҚО-да жүретін «көмекшілер» де жауапқа тартылуда.

«Көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру бойынша алдыңғы қатарда»Азаматтарға арналған үкімет«КЕАҚ қызметкерлері жұмыс істейді. Біздің қызметкерлер халықпен тікелей байланыста болмайды. Біздің қызметкерлер тек екінші эшелонда отырады, криминалды есеп бойынша, қандай да бір қылмысқа байланысты тексеру жүргізеді. Ал өз қызметін ұсынатын «көмекшілер» де анықталды, қылмыстық істер қозғалды, олар жауапқа тартылып жатыр», - деп толықтырды Қ. Сұлтанбаев.