Көліктегі ІІД криминалистері автоматтандырылған жүйе бойынша 9 623 тексеріс жүргізді

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-де кеше, 25 қыркүйекте басталған семинар-кеңес бүгін өз жұмысын одан әрі жалғастырды.

Семинар шеңберінде заманауи аппараттық кешендерді пайдалануды ұйымдастыру жұмыстары және оның тиімділігі, сонымен қатар тергеу іс-қимылдарын және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалистикалық әдістерді пайдаланудың жаңа бағыттары бойынша мәселелер талқыланды. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарланды.

Семинар-кеңес жұмысына ҚР ІІМ-нің өкілдері, департамент басшылығы мен аппаратының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге семинар-кеңестің жұмысына департаменттің желілік бөліністерінің аға криминалистері шақырылды.

Іс-шараны өткізудегі басты мақсат - желілік бөліністерде криминалистикалық есептің автоматтандырылған жүйесінің жұмысын ұйымдастыру, сонымен қатар криминалистердің осы есептерді қылмыстарды ашуда және тергеуде тиімді пайдалану бойынша басқа қызметтермен өзара іс-қимыл жасасудың мәселелерін талқылау.

Семинарды ашқан департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Арғынбаев жиналғандарға бұл басқосудың маңыздылығын түсіндіріп, оның жұмысына табыстар тіледі.

«Криминалистермен криминалдық полиция және басқа да қызметтермен өзара іс-қимыл жасасу барысында есеп беру кезеңінде автоматтандырылған жүйелер бойынша 9 623 тексеріс жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 201 оң нәтижеге қол жеткізілді, бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға көп әрі қылмыстарды ашуға көмегін тигізді, соның ішінде - 96 тонау, есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша 17 және басқа да қылмыстар - 78», - деп атап көрсетті Жедел-криминалистикалық басқарма бастығы полиция полковнигі Омар Жарасов.