Көлік министрі елдегі жол апаттарының басты себебін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі — жылдамдықты асыру. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол қауіпсіздігін арттыру бойынша қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты.

Фото: Видеодан скрин

Биыл республикалық жолдарда жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза болғандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға төмендеген.

— Апаттың негізгі себебі — жүргізушілердің ережені сақтамауы. Жол апатының негізгі факторларын қарасақ, 35% — жылдамдықты асыру, 12% — ара қашықтықты сақтамау, 11% — көлікті басқара алмау және 8% — қарсы жолға шығу, — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жол апатын болдырмау үшін бірқатар жұмысты қолға алған.

— Біріншіден, жылдамдықты асыру — апаттың негізгі себебі. Сондықтан, орташа жылдамдыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір бұл жоба 2,8 мың шақырым ақылы жолдарда жұмыс істеп тұр. Соның арқасында апат саны 10%-ға азайды. Жобаны бүкіл республикалық және жергілікті жолдарға енгізуге кірістік, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Сонымен бірге, республикалық жолдардың 11 мың шақырымынан астамы (бүкіл жолдың 45%-ы) I және II техникалық санатқа ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы соқтығысу қаупі азайды.

— Транзиттік көліктер елді мекендерді айналып өтетін 65 жол салынды. Көлік пен адам жүретін жолды бөлу үшін 38 жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлу үшін 1,5 мың шақырым жол жөнделіп жатыр, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірлердің жылыту маусымына дайындығы мен жаңғырту жұмыстары туралы баяндаған еді.