Қоқыс өртеу мен кәуап пісіру
Күз келісімен көпқабатты үйлердің де, жеке тұрғын үйлердің де аулаларында түскен жапырақ көбейеді. Оны жинап, өртеп жіберу көпшілік үшін үйреншікті әдетке айналған. Алайда мұндай әрекет үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын бәрі біле бермейді.
— Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 59-тармағына сәйкес, ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта ғана қалдықтар мен қоқысты өртеуге рұқсат етіледі. Алайда саяжай учаскелері мен тұрғын үйлердің аулаларында мұндай арақашықтықты сақтау көбіне мүмкін емес. Сондықтан, әсіресе өрт қаупі жоғары кезеңде қоқыс өртеуге қатаң тыйым салынады, — деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және профилактикалық жұмыстар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Сәкен Салпықов.
Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабы, яғни «Қалдықтарды жинау немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау» бабы бойынша айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері — 20 АЕК (86 500 теңге), лауазымды адамдар үшін — 50 АЕК (216 250 теңге).
Маманның айтуынша, жыл басынан бері Ақмола облысында осы бап бойынша 76 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 6 млн 141 мың 500 теңге айыппұл салынған.
Ал аулада кәуап пісірудің де өзіндік талаптары бар. Мангалды кез келген жерге орналастыруға болмайды.
— Мангал ғимараттан кемінде 10 метр қашықтықта орналасуы керек. Оның айналасы жанғыш материалдардан тазартылып, арнайы жабдықталуы қажет. Мангал металлдан жасалып, аяқтары болуы тиіс. Сонымен қатар жанында өрт сөндіруге арналған су немесе құм сияқты құралдар тұрғаны жөн. Бұл талаптар бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 410-бабының 1-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») қолданылады. Жеке тұлғаларға 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, — деді Сәкен Салпықов.
Көпқабатты үйдің ауласында көлік жууға болмайды
Кейбір көлік иелері үйінің алдына шелек су алып шығып, көлігін жуып жатады. Алайда көпқабатты тұрғын үйдің аумағында көлік жууға рұқсат жоқ.
— Егер аула жеке үйдің қоршалған аумағы болса, көлік жуу заң бұзушылық болып саналмайды. Ал көпқабатты тұрғын үйдің ауласында көлік жууға болмайды. Мұндай жағдайда азамат екі бап бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Біріншісі — ӘҚБтК-нің 434-2-бабы, яғни ортақ пайдаланылатын орындарды ластау. Бұл бап саябақтар мен басқа да қоғамдық аумақтарды ластауға, қоқысты белгіленбеген жерге тастауға қатысты қолданылады. Оған көпқабатты үйдің ауласында көлік жуу да жатады. Алғаш рет құқық бұзған адамға 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Егер осы әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейін өседі, — деп түсіндірді Ақмола облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Валентина Серкина.
Бұдан бөлек көлікті белгіленбеген жерде жуған адамға ӘҚБтК-нің 505-бабы, яғни «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бабы бойынша да шара қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда полиция қызметкері құқық бұзушылықтың сипатына қарай ескерту жасауы немесе 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салуы мүмкін. Егер қоршаған ортаға зиян келтірмеген құқық бұзушылық болса, ескертумен шектелуі ықтимал.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың жауапкершілігі артып, көпқабатты үйлердің ауласында көлік жуу деректері азайған. Жыл басынан бері мұндай жағдайлар жекелеген оқиғалар ретінде ғана тіркелген.
Айта кетейік, қоқысты белгіленбеген жерге тастағаны үшін де азамат ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
— Ақмола облысында абаттандыру қағидалары бекітілген. Онда қандай әрекеттердің заң бұзушылық саналатыны көрсетілген. Мәселен қазір автотұрақтағы орынды иеленіп қалу үшін оған ескі көлік дөңгелектерін қойып кету жиілеген. Бұл да абаттандыру қағидаларын бұзу болып саналады. Облыста мұндай жағдайлар көп кездеседі. Сондай-ақ қоқысты контейнерге салмай, жанына тастау, ірі көлемді заттарды, яғни шкаф, үстел, матрас секілді бұйымдарды қоқыс алаңына шығарып қою да заңға қайшы. Қоқыс алаңы тек тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған. Ал ірі көлемді заттарды тұрғын өзі шығарып, коммуналдық қызметтермен келісімшарт жасауы керек, — деді Валентина Серкина.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақмола облысында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 11 мыңнан астам адам жауапқа тартылған.
Үй жануарларымен серуендеу тәртібі
Үй жануарларының иелеріне де айыппұл салынуы мүмкін.
— Егер азамат үй жануарларын серуендету және ұстау қағидаларын бұзса, ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша жауапқа тартылады. Жеке тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге), заңды тұлғаларға 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деді Валентина Серкина.
Ең алдымен үй жануарын қараусыз жіберуге болмайды, яғни ит иесінің бақылауынсыз көшеде немесе жол бойында еркін жүрмеуі керек.
Итті серуенге шығарғанда иесі оны міндетті түрде қарғыбауға байлауға тиіс. Ал төбелеске бейім тұқымды иттерге тұмылдырық кигізу қажет.
Ақмола облысында жыл басынан бері иттерді серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 283 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тыныштықты бұзу
Тұрғындардың жиі шағымданатын тағы бір мәселесі — түнгі шу. Көршілердің тыныштығын бұзғаны үшін де әкімшілік жаза қарастырылған.
ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес, сағат 22:00–ден таңғы 09:00–ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Бұл талап тұрғын үйдің ішінде де, сыртында да шұғыл қажеттілікке қатысы жоқ, адамдардың демалуына кедергі келтіретін шулы жұмыстарға қолданылады.
Сондай-ақ тұрғын үйлердің ішінде немесе оларға жақын орналасқан ойын-сауық орындары да тыныштық тәртібін сақтауы керек. Жұмыс күндері сағат 22:00–ден таңғы 09:00–ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00–ден таңғы 10:00–ге дейін шулауға тыйым салынады.
Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 5 АЕК (21 625 теңге) айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін айыппұл — 20 АЕК (86 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК (129 750 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде белгіленген.
Ақмола облысында жыл басынан бері тыныштықты бұзғаны үшін 4 мыңға жуық адам жауапқа тартылған.
Ауладағы көлік тұрағы
Қазақстанның жол жүрісі қағидаларына сәйкес, көлікті тротуарға, көгалға, гүлзарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға болмайды.
— Мұндай құқық бұзу үшін ӘҚБтК-нің 597-бабының 2-бөлігі бойынша 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деп түсіндірді полиция өкілдері.
Демек жеке үйдің немесе көпқабатты тұрғын үйдің ауласында да көлік қою тәртібін сақтау қажет. Автомобильді тек арнайы белгіленген орынға қойып, жаяу жүргіншілердің, соның ішінде балалардың, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалысына кедергі келтірмеу керек.
Жеке үйдің ауласы болған күннің өзінде кез келген әрекетке рұқсат жоқ. Қоқыс өртеу, көлік жуу, жануарларды қараусыз жіберу, түнгі тыныштықты бұзу немесе көлікті белгіленбеген жерге қою әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан ауладағы тәртіпті сақтап, өзге тұрғындардың да құқығын ескерген жөн.
Айта кетейік, бұған дейін, көлікті үй ауласында жуу не себепті қауіпті екенін жазған едік.