Колледж-техникумдардың 90 мыңнан астам түлегі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші айтарлықтай өсті. Соңғы үш жылда мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлектер саны 26%-ға артып, 90,6 мың адамға жетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында баяндады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Министрдің айтуынша, ТжКБ жүйесіне мемлекеттік қолдау да күшейіп келеді. 2025–2026 оқу жылында саланы қаржыландыру 424,9 млрд теңгеге жетіп, үш жылда 34,1%-ға өсті.

Студенттер саны артты

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер контингенті де ұлғайып келеді. Үш жыл ішінде білім алушылар саны 542,7 мың адамнан 556,2 мың адамға дейін өсті. Яғни, өсім 13,5 мың адамды немесе 2,5%-ды құрады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де жыл сайын артып отыр.

Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы 344,9 мың орынды құраса, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш – 374,3 мың орынға жетті. Ал 2025-2026 оқу жылында – 393,3 мың орынға дейін ұлғайды.

Осылайша, үш жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға немесе 14%-ға артқан.

Стипендия екі есеге көбейді

Министрдің айтуынша, студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді.

– Стипендия мөлшері 2 есеге өсіп, 43 мың теңгеге жетті. Жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі 10%-ға артып, 95,4%-ды құрады, – деді спикер.

Бұл көрсеткіштер ТжКБ саласын қаржыландыру, кадр даярлау және студенттерді әлеуметтік қолдау көлемінің артқанын көрсетеді.

Колледж бен техникум түлектерінің саны көбейді

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер саны да тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2023-2024 оқу жылында 141,3 мың түлек болса, 2025-2026 оқу жылында олардың саны 169,2 мың адамға жетті. Бұл 19,8%-ға көп.

Оның ішінде жұмысшы біліктіліктері бойынша түлектер саны 47,5 мыңнан 60,1 мың адамға дейін, яғни 26,5%-ға өсті.

Орта буын мамандарының саны 88,2 мыңнан 103,2 мың адамға дейін артты. Өсім – 17%.

Ал қолданбалы бакалавриат бағдарламалары бойынша түлектер саны 5,6 мыңнан 5,9 мың адамға дейін көбейді.

– Бүгінде елімізде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы үш жылда жұмысшы біліктіліктері бойынша мемлекеттік тапсырыс 3,7%-ға өсіп, 131,4 мың орынға жетті. Колледждерге қабылдау 5,8%-ға артып, 57,8 мың студентке артты, – деді Оқу-ағарту министрі.

Мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандар көбейді

Техникалық және кәсіптік білім беру түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысы артып келеді. Соңғы үш жылда мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің саны 72 мыңнан 90,6 мың адамға дейін көбейген.

Бұл көрсеткіштің 26%-ға өскенін көрсетеді. Ал жалпы жұмысқа орналасқан түлектер саны 92,8 мыңнан 112,7 мың адамға дейін артқан.

– Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру. Осы мақсатта 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы іске асырылуда. Оның негізгі бағыттары – кадр даярлауды экономика сұранысына бейімдеу, бизнестің қатысуын кеңейту, білім беру мазмұнын жаңарту және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, – деді Ж. Сүлейменова.

Жалпы жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 68 пайызды құрап, 3 пайызға артқан.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысының күн тәртібіне жұмысшы мамандықтары бойында кадрлар дайындаудағы жаңа тәсілдер тақырыбы шығарылып отыр.