«Министрлік техникалық және кәсіптік білім жүйесінде кадр даярлауды жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін бірнеше қадам белгіледі. Біріншіден, колледж қызметінің бағыттарына талдау жасалынды. Өңірдің мамандануы мен колледждерде кадрлар даярлаудағы диспропорция анықталды. Осыған орай, колледждерді бейіндеу жұмыстары жүргізіліп, кадрларды даярлау сұранысқа ие мамандықтар аясында жүзеге асырыла бастады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, оқытудағы тиімді озық әдістемелер мен тәсілдерді тарату мақсатында локомотив-колледждер айқындалып, заманауи колледждер базасында IT-хабтар ашу жұмыстары жүріп жатыр.
«Білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту үшін студенттік бизнес-инкубаторлар құрылуда. Колледждер жанынан шағын кәсіпорындар ашу арқылы студенттерді практикаға бағыттау жұмыстарын күшейтеміз. Сондай-ақ, колледждердегі маманды даярлауға бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін екі есе ұлғайту жұмысы пысықталып жатыр. Еңбек нарығына сапалы кадрлар даярлау мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің үнемі назарында», - деді Ғани Бейсембаев.