Колледжге арналған білім беру бағдарламасы сараптамадан өтеді – ҚР БҒМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде колледжге арналған білім беру бағдарламалары сараптамадан өтеді және олардың реестрі жасалды. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес колледждерге академиялық дербестік берілді. Бұрын біз түрлі біліктіліктер бойынша оқыту мерзімдерін қатаң реттеп, белгілеп келдік. Орташа алғанда 2 жылдан 4 жылға дейін. Бүгінде аталған норма «Білім туралы» заңнан алынып тасталды. Сондай-ақ, ендігі уақытта колледждердің білім беру бағдарламасы нақты әрі оқыту нәтижесімен байланысты болады», - деді Насымжан Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің айтуынша, отандық колледждерге білім беру жүйесінде еркіндік беріліп отыр.

«Бүгінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін дербес айқындай алады. Яғнни мамандарды даярлауда еңбек нарығының талаптарын ескереді. Сонымен қатар колледжге арналған білім беру бағдарламаларының реестрі жасалды. Оған сараптамадан өткен сапалы білім беру бағдарламалары ғана енеді. Биыл 4 мың білім беру бағдарламасы сараптамадан өтеді», - дейді департамент басшысы.

Бұған дейін ҚР БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы елімізде 18 колледждің жабылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Н. Оспанова техникалық және кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыстың артатынын айтты.