Колорадада Израильді қолдаған бейбіт шеруге шабуыл жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Колорадо штатының Боулдер қаласында израильдік тұтқындарды босатуды талап еткен шеруге шабуыл жасаған ер адам «Палестинаға бостандық берілсін» деп айғайлаған, деп хабарлайды NBC News.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылшы жұмысшы киімімен жасырын кіріп, жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкені бұлғап, айқайлаған. Бұл ақпаратты шенеуніктер тексеріп жатыр.
Шабуыл жасаған ер адам оқиға орнында ұсталды. Ол Эль-Пасо округінде тұратын Мысыр азаматы 45 жастағы Мохамед Сабри Солиман екені анықталды. Билік ұсталған азамат жалғыз әрекет еткенін айтып, бұған дейін ешқандай заңбұзушылық жасамаған деп есептейді.
67 мен 88 жас аралығындағы сегіз адам күйік шалған, билік мәліметінше, олардың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Лаңкестік әрекет ретінде қарастырылған шабуылға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұған дейін Вашингтонда Израиль елшілігінің екі қызметкері оққа ұшқанын жазған болатынбыз.