Колумбиядағы жер сілкінісінен 321 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — 10 тамызда Колумбияда болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 321 адамға жетті. Тағы 4 595 адам жарақат алып, 257 адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: WAM

Табиғи апаттар қаупін басқару жөніндегі ұлттық басқарманың (UNGRD) мәліметінше, 364 адам құтқарылған. Табиғи апаттан 15 департаментке қарасты 476 муниципалитетте жалпы 284 185 адам мен 1 236 жануар зардап шеккен.

Жер сілкінісінен инфрақұрылымға да айтарлықтай зиян келген. 467 ғимарат қирап, 163 884 тұрғын үй зақымданған, тағы 31 445 үй қираған.

Сонымен қатар 4 611 қоғамдық нысанға, 3 579 білім беру мекемесіне, 351 медициналық орталыққа, 435 жол және 111 су құбырына зақым келді. Сондай-ақ 69 автокөлік көпірі мен 14 жаяу жүргіншілер көпірі, бес әуежай зақымданған.

Еске салайық, бұған дейін белгілі әнші Шакира Колумбияда 10 тамызда болған жойқын жер сілкінісі кезінде ең қатты зардап шеккен аймақтардың бірі - Чоко департаментіне барғанын жазғанбыз.

Өңірге барған сапарында колумбиялық әнші 10 мектепті қайта қалпына келтіріп, қатты бүлінген технологиялық университетке көмек көрсеткісі келетінін мәлімдеген.

Ал оның алдында Колумбиядағы жер сілкінісінен 304 адам қаза тауып, тағы 426 адам хабар-ошарсыз кеткенін хабарлағанбыз.

Айта кетейік, магнитудасы 7,4 балдық жер сілкінісі 10 тамызда Колумбияның батысындағы Чоко департаментінде орналасқан Сан-Хосе-дель-Пальмар қаласының маңында болды.