НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қараша айында Шотландияның Глазго қаласында өтетін командалық әлем чемпионатына Қазақстан әйелдер құрамасы қатысады. Құрама капитаны Ярослава Шведова осы жарыстан не күтетіні жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар С тобында Ұлыбритания және Испания құрамасымен сынға түседі.
Я.Шведованың айтуынша, қай команда да осал емес.
«Ұлыбританиялықтар өз алаңында өнер көрсететіндіктен, барын салары сөзсіз. Испаниялықтар да мықты қарсылас. Дегенмен біздің құрам олармен иық теңестіре алады. Қарашаға дейін біраз уақыт бар, кімдердің баратыны жөнінде айтуға әлі ертерек. Қайткен күнде де күшті құраммен барып, топтан озып шығу ғана емес, әлем чемпионы болуды мақсат етеміз. Командалық жарыста рейтинг аса маңызды емес. Сондықтан кім-кімнің де табысқа жету мүмкіндігі бар. Ең бастысы, кім жақсы дайындалып, бабында барса, сол жеңеді. Біздің мақсатымыз да осы», деді Я.Шведова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Бейбіт Жукаевтың әлемдік рейтингіде жеке рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).