— Коммерцияландыру ғылыми нәтижелердің нарыққа тұрақты шығуын қамтамасыз етпейді. Коммерцияландыру ғылыми циклдың әлсіз буыны болып отыр. Ғылым қорының мәліметі бойынша жобаларды коммерцияландыру көрсеткіші — 44 пайыз. Сонымен бірге есепті жылы объективті салыстырмалы есептеу кезінде оның 16 пайыз ғана екендігі анықталды, — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жобалардың нақты нарықтық әсері де шамалы. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і немесе 27 пайызы ғана соңғы үш жылда тұрақты өнім сатуды қамтамасыз еткен. Ал сомасы 22 миллиард теңгені құрайтын қалған 103 жоба өнім шығару және сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізе алмаған.
— Көптеген жоба бойынша коммерциялық нәтижелер олардың орындалу мерзімдерін ұзартумен ауыстырылады. Осылай 46 жобаның орындалу мерзімі ұзартылды. Нәтижесінде коммерцияландырудың қолданыстағы моделі ғылыми нәтиженің тұрақты өнімге айналуын, оның сатылуын және экономикалық қайтарымын қамтамасыз етпей отыр, — деді палата төрағасы.
Айта кетейік, бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 18 жобасы бойынша 56 патент жобаларды іске асыруға қатыспаған ұйымдарға тиесілі болған.