Қонаев қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотында азаматша Х.-ға қатысты «Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» және «Ұсақ бұзақылық» бойынша іс қаралды.
2 қарашада сағат 16:30 шамасында Х есімді әйел Алматы облыстық сотының әкімшілік ғимаратында бола тұра, кіреберістегі шыны есікті қасақана сындырып, мемлекеттік мекемеге материалдық залал келтірген. Сонымен қатар сот ғимаратында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысында Х. өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Негізі бұл баптар бойынша 15 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Алайда әйелдің балаларының болуына байланысты айыппұл салынды.
— Сот қаулысымен азаматша Х. «Бөтеннің мүлкін бүлдіргені» үшін 216 250 теңге айыппұл, «Ұсақ бұзақылық» бойынша 86 500 теңге айыппұл салынды. Түпкілікті әкімшілік жаза 70 АЕК, яғни 302 750 теңге айыппұл болып белгіленді, — делінген хабарламада.
Ведомcтво азаматтарды сот ғимараттарында қоғамдық тәртіпті сақтауға, сотқа және айналасындағыларға құрметпен қарауға үндеді.
Еске салайық, Астанада аялдаманы сындырған жасөспірім жауапқа тартылды.