Қонаевтағы желкенді спорт орталығы әкімдік қарамағына өтті

Фото: Қонаев әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Желкенді спорт оқу-жаттығу орталығы Қонаев әкімдігінің коммуналдық меншігіне қабылданды. Бұған дейін нысан «Қонаев» ӘКК» АҚ-ның қарамағында болған.

Қонаев әкімдігінің қаулысына сәйкес, желкенді спорттың оқу-жаттығу орталығы қаланың коммуналдық меншігіне мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің теңгеріміне өтеусіз қабылдап алынды. Теңгерімдік құны — 31 649000 теңге. Нысан Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Аумағы — 2 гектар, нысанның ауданы — 380 шаршы метр.

Фото: Қонаев әкімдігі

— Бүгінде Қонаевта желкенді қайық спорт түрін дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта екі жол қарастырылады, бірі — бюджет есебінен нысанды жаңғырту болса, екіншісі — инвесторларды тарту арқылы орталықтың жұмысын жандандырып, ғимаратты жаңалау. Қазіргі таңда инвесторлардан бес түрлі жоба түсіп, қарастырылып жатыр, — делінген әкімдіктің таратқан хабарламасында.

Қала басшысы осы түйткілді бақылауға алуды әкім аппаратына тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар трамвай паркі неліктен облыстың коммуналдық меншігіне өткені жайлы жазған едік.