Конференция лигасы: «Тобыл» жарысты ерте аяқтады

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Тобыл» жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

Жарыстың аталған сатысында қостанайлық клуб қиын қарсыласқа тап болды. Швейцариялық «Санкт-Галлен» клубымен жұп құраған олар алғашқы кездесуде 1:4 есебімен жеңіліп қалған еді. Сондықтан қарымта кездесуде қостанайлық клуб кем дегенде үш доп айырмасымен жеңуі қажет болатын.

Қостанайда өткен ойында алаң иелері дегеніне жете алған жоқ. Тәжірибелі қарсыласының қақпасынан саңылау таба алмады. Есесіне өз қақпасына 73-минутта бір гол жіберіп алды.

Сондай-ақ тәртіп бұзуына байланысты қостанайлық клубтан Эссьен Эдедем мен Бейбіт Ғалым қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кетті.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Ордабасы» пенальтилер сериясы арқылы «Дифферданж-03» командасынан басым түсті.

Ал Марин Томасовтың жалғыз голы «Астананы» Конференция лигасы үшінші кезеңіне алып шықты.