АҚШ конгрессі БАҚ-ты қаржыландыруды 9,4 миллиард долларға қысқартпақ

Фото: Kazinform

ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы бейсенбі күні Вашингтон әкімшілігінің шетелдік көмек бағдарламалары мен Ұлттық қоғамдық радио (NPR) мен PBS телерадиокорпорациясын қаржыландыруды 9,4 миллиард долларға қысқарту туралы ұсынысын қолдады, деп жазды ТАСС.

Сонымен қатар, заң шығарушылар Ұлттық қоғамдық радио (NPR) мен PBS телерадиокорпорациясының бюджеттерін де қысқартуды жоспарлап отыр.

Құжатты 214 заң шығарушы қолдаса, 212-сі қарсы дауыс берді. Палата отырысы өкілдер палатасының ресми сайтында тікелей эфирде көрсетілді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ұсынысты осы айдың басында Конгреске ұсынған болатын. Құжат бұған дейін Конгресс мақұлдаған 9,4 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыруды жоюды көздейді. Бұл қаражаттың 1,1 миллиард доллары NPR мен PBS-ке бөлінуі тиіс еді. Қалған 8,3 миллиард доллар АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы шетелдік көмек бағдарламаларына бағытталуы керек болатын. Құжаттың Сенатта қашан қаралатыны әлі белгісіз. Қазіргі уақытта Конгресстің екі палатасында да көпшілік орынды республикалықтар иеленіп отыр.

Өкілдер палатасының спикері, Луизиана штатының өкілі республикалық Майк Джонсон бұрыннан NPR мен PBS-ті сынап жүрген. Ол бұл мекемелер мемлекеттік қаржы алуға тиіс емес деп есептейді. Трамп әкімшілігінің өкілдері бұл бұқаралық ақпарат құралдарын демократтардың мүддесіне қызмет ететін радикалды және либералды идеяларды насихаттайды деп айыптады.

Қысқартуға ұшырайтын шетелдік көмек бағдарламалары мыналарды қамтиды: климаттың өзгеруіне қарсы күрес, даму, бітімгерлік, денсаулық сақтау, босқындарды қолдау және табиғи апаттардың салдарын жою жобалары.

АҚШ әкімшілігі 3 ақпанда USAID қызметін іс жүзінде тоқтатты. Бұл шешім кәсіпкер Илон Масктың ұсынысы бойынша қабылданған. Ол жақындаға дейін федералды үкіметтің тиімділігін арттыру, мемлекеттік аппаратты қысқарту және бюрократиямен күресу мәселелерімен айналысқан DOGE деп аталатын агенттіктің жұмысын қадағалаған.