Вашингтондағы USAID штаб-пәтері жабылады
АСТАНА.KAZINFORM - Илон Масктың айтуынша «жойылу» процесінен өтіп жатқан АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) бас ғимараты 3 ақпанда жабылады, агенттік қызметкерлерінің көпшілігі қашықтан жұмыс істейді, деп жазады ТАСС.

- Агенттік басшылығының нұсқауымен Вашингтондағы Рональд Рейган ғимаратындағы USAID штаб-пәтері дүйсенбі, ақпанның 3-і күні қызметкерлер үшін жабылады, делінген The Washington Post тілшісі Джон Хадсонның X басылымында жарияланған хабарламасында.
Хатта агенттіктің бас ғимаратында орналасқан қызметкерлердің «қашықтан жұмыс істейтіні» де айтылған. Қызметіне байланысты ғимараттың жұмыс істеуі үшін қажет кейбір қызметкерлер басшылықтың шешімі бойынша жұмысын жалғастырады.
Бұған дейін Fox News USAID штаб-пәтеріндегі барлық белгі жойылып, Масктың командасы компьютерлік жүйелерді бақылауға алғанын хабарлаған.
50-ден астам USAID жетекші қызметкері арнайы рұқсатсыз сыртқы байланыс жасауға тыйым салынған әкімшілік демалысқа жіберілгені хабарланды.
Маск, өз кезегінде, агенттік таратылу процесінен өтіп жатқанын хабарлады. Кәсіпкердің айтуынша, USAID-ті қалпына келтіру мүмкін емес.
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі - басқа елдерге көмек көрсету үшін құрылған Америка Құрама Штаттары үкіметінің тәуелсіз агенттігі. Ол 1961 жылы бірнеше ұйымның функцияларын біріктіріп құрылды. USAID ресми түрде тәуелсіз мемлекеттік мекеме болғанымен, Президентке, Мемлекеттік хатшыға және Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне бағынады.
Жарғыға сәйкес, USAID-тың негізгі бағыттары экономика, денсаулық сақтау және білім беруді қолдау, шұғыл гуманитарлық көмек және демократияны қолдау, «АҚШ сыртқы саясатының саяси мақсаттарын жүзеге асыруға бүкіл әлемде көмек көрсетуді» көздейді.