Конституция күні: Ақтөбеде 30 метрлік тутұғыр орнатылды
21:08, 30 Тамыз 2021
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Конституция күніне орай 30 метрлік тутұғыр орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласы 12-шағынауданның айналма жолында орнатылған тутұғыр салтанатты түрде ашылды.
Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері қатысты.
Еліміздің туы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай әскери оркестр орындаған мемлекеттік гимннің әуенімен 30 метрлік биіктікке көтерілді. Сондай-ақ, осы күні ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта спорттың техникалық түрлері бойынша облыстық жеке-командалық чемпионат өтті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мақтау қағаздарымен, медальдарымен, кубоктарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Жиын соңында облыс әкімі өңірде техникалық спорт түрлерін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, бұл жас ұрпақтың инженерлік мамандықтарға қызығушылығын көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.