Конституцияда діннің мемлекеттен бөлек екені анық жазылады — Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституцияның жаңа мәтініне дінге қатысты қандай толықтырулар болғанын айтып берді.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, жаңа Конституцияда қоғамдағы жаңа құндылықтар айқындалып отыр.
− Осы күндері кей азаматтар «Жаңа Конституция неге керек? Қандай қажеттілік болды?» деген сұрақтарды көреміз. Себебі мемлекет өзгерді, қоғам өзгерді. Соңғы жылдардың өзінде қоғамдық менталитет өзгеріп жатыр. Соның нәтижесінде жаңа қоғамдық сұраныс, жаңа талаптар пайда болуда. Жаңа Конституция осы талаптар мен сұраныстарға жауап береді, − деді Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның бесінші отырысында.
Соның бірі — дін мен мемлекет ара-жігін нақты белгілеу.
− Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық жазылған. Өз кезегінде 30-бапқа «Рухани-діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінде білім мен тәрибе беру жүйесі зайырлық сипатқа ие» деген жаңа норма қосылып отыр. Мұның барлығы мазмұны жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім, − деді Ерлан Қарин.
Тағы бір қоғамдағы талаптың бірі — жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу әрекеттеріне деген алаңдаушылық. Сондықтан Конституцияда некенің — ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одақ екені алғаш рет бекітілуде.
− Мұндай шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғарғы құқықтық деңгейде қорғауға бағыттайды. Екінші жағынан, бұл әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтеді. Әйелдердің құқығын қорғау соңғы жылдардағы қоғамдағы үлкен талап-сұраныстардың бірі. Жаңа Конституция бұл сұраныстарға да жауап береді. Дәстүрлі құндылықтарды қорғау адам құқықтарына қарсы емес, керісінше олармен үйлесімді ұштастырып отыр, − деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кетелік Ерлан Қарин Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі адам құқықтарына бағдарлауында деген еді.