Көпбалалы аналардың мәселесі шешімін тапты - Жеңісгүл Мұхамбетпайызова

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының съезіне қатысқан ақтөбелік депутат көпбалалы аналардың сұрағына жауап табылғанына риза, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеден Астанаға барған делегет өңірде түсіндіру, жаңа бастамаларды халыққа жеткізу бағытында жұмыс істейді. Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Жеңісгүл Мұхамбетпайызованың айтуынша, қоғамдық қабылдау кезінде айтылған көп мәселенің бүгін оң шешімі табылды.

«Көпбалалы, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы беру, оны есептеуде жаңа тапсырмалар берілді. Мәселен, енді олар 2-3 пайыздық үстемеақымен несие ала алады. Бізге көпбалалы аналар дәл осы тұста қиындыққа кезігетін еді. Олар үшін ипотекалық несие, алғашқы жарна жинау қиын болды. Кездесулерде аналар осы сұрақтардың оң шешілуін сұрады. Ал бүгін Елбасы нақты тапсырмалар беріп, арнайы қаржы бөлінетінін жеткізді. Әрі 40 мың пәтер салынады. Бұл да аналарымыз үшін үлкен көмек», - деді Ж.Мұхамбетпайызова.

Айта кетейік, ақтөбелік депутат газ, су құбырын жеткізу де ауыл халқы үшін жақсы жаңалық деп санайды. Бұл бағытта Ақтөбеде жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. 2019-2020 жылдары 13 ауылды газдандыру бойынша іс атқарылады. Сол кезде ақтөбеліктердің 89 пайызы көгілдір отынды пайдаланады.

«Бұл жаңалықты ел, ауылға жеткіземіз. Біздің міндетіміз атқарылатын істердің әр қадамын түсіндіру, көмектесу», - деді ол.