Көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту биыл аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жыл соңына дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту аяқталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Министрліктің атап өтуінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына қажеттілікті қалыптастыру өңірлік әкімдіктердің деректері негізінде халық саны ескеріле отырып және денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес ауылдық елді мекендерді іріктеу жолымен жүзеге асырылды. Бұл ретте МСАК нысандарында қосымша физиотерапия, дәріхана пункттері, облыстық және республикалық клиникалардың жетекші дәрігерлерімен телемедициналық консультациялар ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық техника көзделген. 

— Ұлттық жоба аясында диагностикаға арналған аппараттарды, зертханалық құрылғыларды, сондай-ақ телемедицинаға арналған жүйелерді қоса алғанда, ауылдық медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен жаңарту және жарақтандыру қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарына жергілікті жерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді, — деді ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында 2023 2026 жылдары аралығында аудандық ауруханаларды тиісті бөлімшелерді ашу арқылы көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды түрлендіру, сондай-ақ жақын маңдағы аудандардың халқына мамандандырылған медициналық көмекті жақындату үшін жоғары мамандандырылған жабдықтар бағыттары бойынша (КТ, МРТ, ангиографтар, диагностикалық жабдықтар (УДЗ), зертханалық жабдықтар, реанимациялық жабдықтар, рентген-диагностикалық, физиотерапиялық, хирургиялық және эндоскопиялық бейнеақпараттық жабдықтар) оларды жаңғырту (күрделі жөндеу/реконструкциялау, қосымша жабдықтау) қарастырылған. 

— Көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, — деп атап өтеді министрліктен.

Айта кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында медициналық нысан салу жоспары 100 пайыз орындалды